Алибек Қуантиров Павлодар облысының бизнес-қауымдастығымен кездесу өткізді
ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Алибек Қуантиров пен ҚР СІМ Инвестициялар комитетінің төрағасы Ғабидулла Оспанқұловтың Павлодар облысына жасаған жұмыс сапары аясында кәсіпкерлер мен инвесторларға инвестициялық және кәсіпкерлік қызметті мемлекеттік қолдау шараларын түсіндіру бойынша кездесу өтті. Атап айтқанда, қатысушыларға Ұлттық цифрлық инвестициялық платформа, «Жасыл дәліз» механизмі және инвесторларды нысаналы түрде тартудың жаңа тәсілі туралы егжей-тегжейлі ақпарат ұсынылды.
Қошемет сөзінде А. Қуантиров Павлодар облысының айтарлықтай инвестициялық мүмкіндіктерін атап өтті.
«Павлодар облысы елдегі басты индустриялық аймақтардың бірі ретінде жоғары өндірістік әлеуетке ие. Табиғи ресурстардың байлығы мен дамыған өндірістік және әлеуметтік инфрақұрылым инвесторлардың назарын аударуда. Сіздер білесіздер, бізде 2029 жылға дейін қосымша көлемде кем дегенде 150 млрд доллар шетелдік инвестицияларды тарту бойынша стратегиялық міндет тұр. Осыған орай, біз инвестициялық жобаларды іске асыруда барынша қолдау көрсетуге дайынбыз», – деді Сыртқы істер министрінің орынбасары.
Өз кезегінде, ҚР СІМ Инвестициялар комитетінің төрағасы Ғабидолла Оспанқұлов семинарға қатысушыларға елімізде және оның өңірлерінде инвестициялық саясатты тиімді іске асыру мақсатында жыл басынан бері енгізілген құралдар туралы егжей-тегжейлі айтып берді.
"Ұлттық экономиканың қажеттіліктерін, өңірлердің бәсекелестік артықшылықтарын және бизнес пен әкімдіктер тарапынан ұсыныстар бірінші кезекте ескерілуі тиіс басқа да факторларды ескере отырып," инвестицияларға тапсырыс беру" қағидаты арқылы жұмысты қайта құру ұсынылады", – деді Ғ.Оспанқұлов.
Отырыс барысында облыстың бизнес-қоғамдастық өкілдері түйткілді мәселелерді, соның ішінде электр энергиясы тарифтері мен газбен жабдықтауға қатысты мәселелерді шешуді сұрады.
Павлодар облысына сапар аясында А. Қуантиров пен Ғ. Оспанқұлов «Нефтехим LTD» ЖШС, «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ өндірістік алаңдарын, сондай-ақ Екібастұз қаласындағы теміржол кластерінің нысандарын аралады.
Нефтехим LTD метил-трет-бутил эфирін (МТБЭ) өндіретін зауыт болып табылады, онда шамамен 950 қызметкер жұмыс істейді. Зауыт жылына 20 мың тонна МТБЭ, 70 мың тонна полипропилен, 50 млн полипропиленнен тоқылған қаптар және 10 мың тонна эпоксидті шайыр құрама затын шығарады, олар Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан және Ресей сияқты елдерге экспортталады. Қазіргі уақытта компания тоқыма емес материалдар өндіру жобаларын жүзеге асыру бойынша мүдделі инвесторлармен ынтымақтастық мүмкіндігін қарастыруда.
Қазақстан электролиз зауыты жылына 250 мың тонна алюминий өндіретін Қазақстандағы жалғыз өндіруші болып табылады. Зауытта шамамен 2,5 мың қызметкер жұмыс істейді, ал сату нарықтары Түркия, Нидерланды, Бразилия, АҚШ, Италия, Норвегия және басқа елдерді қамтиды.