Облыс әкімдігінде өткен инвестициялық штабтың кезекті отырысында жалпы инвестиция көлемі 18 млрд теңгені құрайтын екі жоба қаралды

Шарбақты ауданында қуаттылығы тәулігіне 1200 тонна май тұқымын өңдейтін май-экстракция зауытын салу жоспарлануда. Өнімнің негізгі түрлері күнбағыс майы мен күнжара болмақ. Кәсіпорында 300-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады.

Штабта жобаны қаржыландыру, болашақ зауыт аумағынан жақын жерде өтетін теміржол тармағының мәртебесін өзгерту, инженерлік желілерді жүргізу, сондай-ақ, күнбағыс өсіруге ауыл шаруашылығы жерлерін беру мәселелері талқыланды.

Облыс орталығында туристік жоба - Ертіс өзенінің сол жағалауында эко-қалашық салу жоспарлануда. Қазіргі уақытта «KAZAKH INVEST «Ұлттық компаниясы» АҚ қатысуымен инвестициялық келісім пысықталуда.

- Ең маңыздысы - бұл жобаның экологиялық бөлігі, қоқысты шығару, сумен жабдықтау және кәрізбен қамтамасыз ету мәселелерін пысықтау қажет, - деді өңір басшысы.

Барлық талқыланған сұрақтар бойынша Асайын Байханов жауапты мемлекеттік органдарға тиісті тапсырмалар берді.

Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев

Дереккөз: Павлодар облысының әкімдігі